Жаңалықтар

«Сайлау процесінің құқықтық негіздері және Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауын өткізу кезінде сайлау комиссияларының жұмысын ұйымдастыру»

2022 жылғы 21-23 қыркүйек аралығында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ШҚО бойынша филиалында аймақтық сайлау комиссиясының босатылған мүшелеріне арналған «Сайлау процесінің құқықтық негіздері және Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауын өткізу кезінде сайлау комиссияларының жұмысын ұйымдастыру» атты оқыту семинары өтті.

Семинардың мақсаты сайлау заңнамасының негіздерін білу және жаңа сын-қатерлер мен шынайы уақыт жағдайында тиімді қызмет ету үшін оны ҚР Президенті сайлауында қолдану тәжірибесі есебінен аумақтық және учаскелік сайлау комиссиялары мүшелерінің кәсіби құзыреттілігі мен практикалық дағдыларының деңгейін арттыру болды.
Семинардың ашылуында облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Ерсайын Ахметвалиұлы Нәбиев Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауына дайындық бойынша ұйымдастыру іс-шараларын өткізу тәртібі туралы хабардар етті, филиал директоры Сергей Ковалёв семинардың барлық қатысушыларына ілтипат білдіріп, барлық сайлау комиссияларының қызметі алқалылық, ашықтық және жариялылық негізінде жүзеге асырылып жатқанын, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасы талаптарының қатаң сақталуына, сайлау комиссияларының мүшелерін кәсібилендіру мәселесіне баса назар аударылатынын атап өтті.
Семинар барысында сайлау науқанының негізгі кезеңдерін өткізу барысы, сайлау комиссияларының сайлауды дайындау және өткізу жөніндегі өкілеттіктері, сайлау туралы заңнаманың орындалуын қамтамасыз ету мәселелері қаралды, қатысушылар сайлаудың нормативтік-құқықтық базасымен, Қазақстан Республикасында сайлауды ұйымдастыру және өткізу ерекшеліктерімен танысты.
Семинар бағдарламасында тыңдаушылардың құқықтық және психологиялық дайындығына, сондай-ақ олардың медиасауаттылығына ерекше көңіл бөлінген. «Таңдау күні: дауыс беру тәртібі және сайлау бойынша дауыс беру нәтижелерін анықтау» іскерлік ойынын өткізу кезінде семинарға қатысушылар сайлауды ұйымдастыру тәжірибесінен күрделі жағдайларды, алдағы сайлауды нормативтік-құқықтық реттеу мәселелерін егжей-тегжейлі талдап, аумақтық сайлау комиссиялары мүшелерінің жұмысына байланысты мәселелерді қарастырды. Белсенді пікір алмасу және сайлау комиссияларының жұмысын ұйымдастыру мәселелері талқыланды.