ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына кезекті «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауын арнады. Онда мемлекет басшысы еліміздің алдағы әлеуметтік-экономикалық даму бағыттарын айқындап берді.
Президенттің Жолдауына Академия қызметкерлері, магистранттары мен докторанттары да үн қосты. Олар Президент бастамаларының сәтті жүзеге асырылып жатқандығына, сонымен қатар ел экономикасының дамуына ықпал ететін салаларға жіті тоқталып, өз пікірлерін білдірді.
«Соңғы екі жылда жаһанға тараған індет әлем елдерін алаңдатып, дағдарысқа ұшыратты. Әсіресе денсаулық сақтау, экономикалық саланың әлеуеті сынға түсті. Қазақстан үшін де оңайға соқпағаны белгілі. Бір ғана білім беру саласын алар болсақ, қашықтан оқытуға келгенде цифрлық мүмкіндігіміздің шектеулі екенін сезіндік. Әсіресе шалғай ауыл-аймақтағы балалардың сапалы білім алуы қиынға соқты. Әрине, құзырлы органдар қарап қалған жоқ, мәселені шешуге кірісті, шама-шарқынымен оңтайландырды. Бұл жағдай бір жағынан еліміздің телекоммуникация жүйесін дамытып, көзден жырақта өмір сүріп жатқан халықты интернет желісімен қамтамасыз етуге үлесін қосты. Биылғы Жолдауында Президент Үкіметке ақпараттық жүйенің сапасын одан әрі жақсартуды шегелеп тапсырды. Бұл да дамуға бет бұрған елдің бір көрінісі»,-деп ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының бірінші вице-ректоры Еркін Шажаұлы Дүсіпов өз пікірін білдірді.
Жолдауда айтылған әрбір саланың дамуы ел үшін маңызды. Ал, оның орындалуы атқарушы органдарға, айтап айтсақ мемлекеттік қызметшілерге тікелей байланысты. Сондықтан мемлекеттік қызметшілердің білімдерін шыңдайтын оқу орны Академияның назарынан мемлекет басшысының Жолдаулары назардан тыс қалмақ емес. Сол себепті де жіті сараланып, пікір қалыптастыратын деңгейге жеткізуді Академия өз міндеті деп санайды.
